ШҚО-да жыл соңына дейін 200-ге жуық қызмет түрі электронды форматқа көшеді

345
көрілім

Биылғы жылдың соңына дейін облысымызда қағаз түрінде берілетін 18 000 анықтама енді электронды үлгіде берілмек. Сонымен қатар 200-ге жуық қызмет түрін электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы еліміздегі ірі кәсіпорындардан бастап, мектептердегі сыныптарды компьютерлендіруге дейін түгелдей қамтиды. Бұл ауқымды жоба 2017 жылдан бастап іске асуда.

– Қызмет түрлерінің электронды нұсқасына қол жеткізу үшін egov.kz порталында ЖСН нөмірді ұялы телефон нөміріне байланыстырып қою керек. Тұрғындар балалардың туу туралы куәлігі, жәрдемақы тағайындау, балабақшаға тіркелу және тағы да басқа қызмет түрлеріне ұялы телефон арқылы қол жеткізе алады. Яғни, интернет біздің өмірімізді барынша жеңілдетеді,- дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бастығы Жанна Қабдолдақызы.

Өңірімізде 2018 жылдың аяғына дейін қағаз түрінде берілетін 18 000 анықтама электронды түрге ауыспақ. Сондай-ақ 200-ге жуық қызмет түрі электронды форматқа көшеді. Осының нәтижесінде мемлекеттік мекемелер 12,5 млрд тенге үнемдейді.