Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша тегін оқытылады

295
көрілім

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы әкімінің ресми сайтында жарияланған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі Бақ.кз агенттігіне сілтеме жасап.

«Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша тегін оқытуға қала және аудан тұрғындарын жинайды. Бағдарлама ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға бағытталған. Ауыл тұрғындарын ­– NEET категориясындағы жастар (29 жасқа дейін), жас отбасы мүшелері, аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелері, аз қамтылған еңбекке қабілетті мүгедектерді оқуға шақырамыз»,- делінген хабарламада.

Бағдарламаға қатысу үшін тестілеуден өту керек, соның қорытындысы бойынша топқа іріктеу жүргізіледі. Қызығушылық танытқандар Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қалалық, аудандық филиалдарына, тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарына, ауылдық округ немесе елдімекен, қала әкімдігіне жүгіне алады, сонымен бірге өтініш пен сауалнама толтырады. Өзімен бірге жеке куәліктің көшірмесі, мекен-жай анықтамасы, өтініш, үлгіге сәйкес толтырылған сауалнама парақшасы болуы керек.

Оқу ұзақтығы – 3 апта. Екінші  кезең бойынша тестілеу 13-14 тамыз аралығында өтеді. Оқыту 15 тамыз – 2 қыркүйек аралығында жүргізіледі.

Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленеді және курс бітірушілеріне сертификаттар беріледі.

Сұрақтар туындаған жағдайда Кәсіпкерлер палатасының аудан және қала бойынша филиалдарында және http://atameken.kz/ сайтында немесе 2-10-03 байланыс телефонына хабарласып, Күршім ауылы  Бунтовских,19 мекенжайы бойынша кеңес алуға болады.  Оқытуға тіркелу аудан және қалалық жұмыспен қамту орталықтарында жүргізіледі.