Шығыс Қазақстанда коронавирустың «Кентавр» штамы тіркелген жоқ

479
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында коронавирустың «Кентавр» штамы тіркелген жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина өңірдегі коронавирус инфекциясының таралу қарқыны жайлы айтып берді.

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес Шығыс Қазақстан тұрақты түрде «жасыл» аймақта. CОVІD-19 науқастарын емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек қорының қамтылу деңгейі – 0,7% құрайды. 1-19 шілде аралығында облыста коронавирустың 59 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Өскеменде – 53 (89,8%), Глубокое және Ұлан аудандарында – 2, Самар, Шемонаиха аудандарында – 1. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші – 8,22 құрап отыр», - дейді ол.

Өңір аумағында COVID-19 белгілері бар пневмония жағдайлары жоқ. Коронавирустың жаңа «Кентавр» штамын жұқтырғандар тіркелмеген.

«Осы ретте, халық көп жиналатын орындарда медициналық маска тағуға кеңес береміз. Қоғамдық көлікте де маска тағып жүрген жөн», - дейді Сәуле Слямғазина.