Шығысқазақстандық грек-рим күресінің палуандары ел чемпионатында командалық есепте үшінші орын иеленді

560
көрілім

Семейде күрес түрлерінен 17 және 23 жасқа дейінгі ел чемпионаты өтіп жатыр. Кеше классиктер бозкілемге беттеп, спортшылар өңірде үлкен спорттың дамып жатқанын тағы бір байқатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
23 жасқа дейінгі палуандарда алдымен 55 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Мамырбеков қоржынға қола медаль салды. Сосын 63 келіге дейінгі салмақта аягөздік Нұрсұлан Базарбаев та дәл осы нәтижені қайталады.

Бапкер Мади Жарболовтың шәкіртінің жартылай финалдағы жеңілісі үшін қатаң ескертулер жасап, жігерлендіріп тұрғаны тікелей эфирден ап-анық көрініп тұрды. Десе де екі қола да тамаша нәтиже. Бұдан соң асыра лақтырудың хас шебері Елдос Камелов бар мүмкіндігін паш етті.

72 келіге дейінгі салмақтың финалында Алматы облысының мықтысы Мәди Данеловке еш мүмкіндік қалдырмады. Ермахан Көшкінбаев та бабында екен. 82 келіге дейінгі салмақтың шешуші сынында жамбылдық Талас Әшірхановтың осал тұсын тапты.


Сайыс аяқталар күні 67 келіге дейінгі салмақта тағы бір жерлесіміз Диас Әскербай қола жүлде иеленіп, нәтижесінде облыс құрамасы командалық есепте үшінші орыннан көрінді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ