Шығысқазақстандық палуандар Азия чемпионатында жүлдегер атанды!

481
көрілім
Фотосурет sport_vko парақшасынан алынды

Жерлестеріміз Қырғызстанда өтіп жатқан күрес түрлерінен жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық додада жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
17 жасқа дейінгі жаөсіпірімдер арасындағы еркін күрес бәсекесі кеше аяқталды. Бішкек төріндегі додада ел құрамасы сапында екі жерлесіміз өнер көрсетті. Жарыс қожайындарынан бөлек, үндіс, өзбек спортшылары жоғары нәтижелер көрсетті. Тарбағатайлық Дарын Әскербек 55 келіге дейінгі салмақта бозкілемге беттеді. Ширек финалда қырғыз палуаны Асқат Тоқтоматовты жолынан ығыстырды. Белдесу қарқыны бір сәтке де тоқтамай, шиеленісті кездесуде жерлесіміз 10:8 есебімен ұтты. Жартылай финалда Моңғолиядан келген Одсурен Баткхууды 10:0 есебімен қапы қалдырса, финалда қарсыласынан айласын асыра алмады. Үндістаннан келген Ваибхав Нараян Дарынның әр әдісін арнайы зерттегендей, қорғаныста сауатты өнер көрсетті. Қорытынды есеп, 3:5, Роллан Көксегенов баптайтын спортшы Бішкек шаһарында күміс медальға ие болды.
Тағы бір жерлесіміз, Айқын Болатұлы (65 келі) қола медальға қол жеткізді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ