Синоптиктер қыстың алғашқы айы суық әрі қаһарлы болатынын болжауда

1001
көрілім

Шығыс өңіріне қар жамылғысы биыл сәл кешігіп жеткенімен, қаһарлы қыстың қытымыр аязы қарашаның соңында-ақ сезіле бастағаны рас. Еліміздің синоптиктері қыс маусымының алғашқы айында Шығыс Қазақстан облысында суық, әрі қарлы болатынын болжап отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Танымал метеосайттардың ұзақ мерзімді болжамына сүйенсек, желтоқсан айында арктикалық теңіз аудандарынан суық ауа массаларының жиі енуі салдарынан еліміздің шығыс жартысында суық және қарлы, ал батыс жартысында жылы ауа массасының шығуынан – жылы (нормадан 1°С жоғары) және аз қарлы ауа-райы күтілетін көрінеді.

Жалпы айтқанда, желтоқсан айының бірінші онкүндігі қарашаның соңында келген ызғарлы күндерімен жалғасып, суық, әрі қарлы болуы мүмкін. Бұл аралықта күндізгі ауа температурасы –6… –16 градус салқындықта тұрақтаса, түнгі ауа температура –8… –3 градустық межеге төмендейді. Онкүндіктің бастапқы кезеңінде күн ашық болғанымен, ай ортасына қарай аспанды бұлт торлап, қар жиі қапалақтайды.

Екінші онкүндіктің бастапқы және соңғы кезеңінде жер бетіндегі ақ ұлпа еселене түседі. Бұл аралықта күндізгі уақытта температурасы сәл салқындап –3… –20 градус аралығында тұрақтайды. Ал түнгі мезгілдегі ауа температурасы –10… –27 градустық межені көрсетіп, салқын түндер саны көбейе түседі.

Айдың соңғы онкүндігіне қарай аяздың беті қайтқанымен, ашық күндер саны азая түседі. Бұл кезде күндізгі ауа температурасы –4… –10 градустық межеге төмендесе, түнде термометр бағаны –11… –20 градустық межеге төмендейді.