Тарбағатайлық Талас Дюсекенов түз тағыларымен бетпе-бет жолыққан

1193
көрілім
Талас Дюсекенов

«Жануарлар мен жәндіктерді былай қойып, адамдардың өздері кекшіл ғой. Тағылардың аумағына өтіп, өзіне ыңғайлы ойын үлгісін ұсынады. Қайбір аң жақтырсын мұны, олар да адыр-шұңқыры мол қыр мен иесіз жазықта алаңсыз жортқысы келеді» деп көрген-білген әңгімесімен бөлісті кейіпкеріміз. Кіндік қаны Тараз топырағында тамғанымен, Талас Дюсекеновтың тегі тарбағатайлық. Тағдырының бір қырқасында Ақжар маңында шопан болған. Жапан түзде жалғыз өзі мал жайып, Барқытбелдің етегінде тағылардың біршамасымен қарға адым жерде ұшырасты. Алайда ажал аузында қалған сәті ілуде біреу.

Жотада жолыққан қасқыр

Бірінен соң бірі сабақтасып жатқан әңгімелер. «Өскемен-Самар» тасжолында жүйткіген көлік жылдамдығы да ырғақты сөйлемдерге үн қосып, жел танабын суыра ұзақ жортуға әзір екендігін білдірді. Барлық оқиға жапанда жалғыз үй орын тепкен Ақжар маңындағы «Мәдени» деп аталатын қыстақ аумағында болған. Қандыауызбен жолыққан сәттерінің мына бір тұсы көкейде ұзақ сақталды.

Жайып жүрген қойы түгел емес. Бір-екеуі жетпейді. Маңайға көз тастағаны сол еді біреуін шырамытты. Сиырлардың арасында жүр екен. Барлығын бірге айдап, жолай көк майсадан тоят тапқан жылқыны үй маңына жақындатпақ болды. Содан сайға таяй бере Жер анаға желімдей жабысқан жалғыз қойды көрді. Қос құлағын тікірейтіп, ұмар-жұмар басып алған ит пе деп топшылады.

– Лайка тұқымды «Ақжол» деген итім болды. Анда-санда қойға тисіп, ойнақшитыны бар. «О-о-й Ақжол сс-е-ні мее, бері к-ее-л, қане-е!» деп биемді тебіне түсіп, бейқам желіспен келемін. Сөйтсем «Ақжолым» абалаңдап жанымда келе жатыр. Тіл-аузым байланды да қалды. Әлгім қасқыр екен! «А-а-а-а!» деп айғайға басқаным есімде, айтар сөзімді түгел ұмыттым! Кеудесі көріктей көкжал қойды босатып асықпай жан-жағына бір қарады. Жанымда жүрген бес итімнің біреуі де жүгірмеді. Әйтеуір жалғыз қасқыр жотаға шығып әрі кетті, – деді Талас Еркінұлы.

Сонда үйір жылқы арасында «тыңшыдай» тым-тырыс жүрген ит-құсты еш сезбеген. Тіпті жотаға көтеріліп бара жатып Қамбар ата тұқымына тереңдей көз тастап өтіпті. Аранға түскен қой тамақталған. Жерлесіміз үйге келген соң ем-домын көрсетіп, йод жағып амалдағанмен тістелген жер сасып, кейін егесіне сойып қоя берді. Айтуынша, мұндайды ұры қасқыр деп атайды екен.

Ешкі ерткен көкжал

Дәл осы оқиғадан бір жеті өткен соң Нұржан есімді досы тап келген жағдайды сөз етті. Қолына қару түссе мергендігімен көзге түсетін қыры бар оның. Алайда сол күні мылтықсыз еді. Қыс болса да қақаған аяз жоқ, болмашы суық білінеді. Қойды да, сиырды да далаға шығарып жіберген. Жотаны бойлай жайылған мал етектей түсіп, екі-үш сағаттта әжептәуір жайылып үлгерген, қамсыз жатыр. Содан шай-пайын алып, бөктер тұсына келгенде атын тұсап, биіктеу жерге жаяу жалпылы кетті. Сәлден соң қараса алдында із жатыр. Қасқырдың жаңа салған ізімен тауды жоталай бере тасқа тірелді. Тасқа шығып төменге көз тастағанда сайда алаңсыз ойнаған төрт тағыны көрді. Шамасы әуегі (ұялас қасқыр тобы). Бір қойды жұлмалап жеп болған.

– Осыны міз бақпай тамашалап отырғанда, сайға апарар тағы бір соқпақпен бесінші көкжал келе жатыр екен. Аралық жақын. Бір ешкіні тамақтап алған, жетектеп келеді. «Сонда жетекке қалай жүрді?» деп әлі таңғаламын. Көз алмай қарап тұрып, өз ешкісін таныды. Нұржан айқайға басып, қолына ілінген бір-екі тасты лақтырып қалғанда әлгілер өгізаяңмен қозғалып, әрірек ойысты. Көкжал азуынан босанған ешкі сылқ етіп құлаған. Бірақ иесі жеткенше өліп кеткен, – деді жерлесіміз.

«Қажет болса, мысықша жымын білдірмей жүріп, көңілі соқса Шекшек ата ұрпағын жетегіне алған сәттерді ой таразысына салып, ит-құс атаулының айласы мен аңға тән «көрегенділігінде» шек жоқ болар, сірә» дестік.

«Арбалып бара жатқандаймын»

Тапа-тал түсте жаңа туған сиырдың желінін жұлып алғаны да жемткікке келгенде сана саңылауынан шыққан әккілігінен сыр шертті. Емемін деп емеурін танытқан бұзаудың қан-қан мұрны да ерекше жантүршіктірерлік сәт еді. Ол кезде жұрт қосқан малды жайып, нәпақасын тауып жүрген жерлесіміз қансыраған малды сойғаннан басқа амалы қалмады. Есесіне бұзауы өкірген даусы құлақтан ұрарлық тұрқы кесек бұқа болып өскен. Айтып-айтып не керек, жайлау мен қыста өткерген бес жыл (2005-2009 жылдар) Талас Дюсекеновке дала заңын жан-жақты үйретті. Шопандар мен бақташылар өзара қалжыңдасып, мұны «салық» дейді. Әр жылы түз тағысының тұтқиылдан, я болмаса дыбысын шығармай келіп малыңды алуы бір есептен заңдылық саналды. Ең бір елең еткізген тұс жерлесіміздің көкжалмен бетпе-бет келген шағы. Бірақ оқиға сипаты мүлде басқа сипатта өрбіді.

– Төңіректі тұман басқан қара күз еді. Ит-құс әсіресе тұманда ұзақ ұлып, дауысы жаныңда тұрғандай шығады, – дейді тарбағатайлық азамат. – Малды бір сайға тастап, өзім ши жақпақ болдым. Тағылар отты көріп қаймықсын дегенім ғой. Содан атымнан түсіп, жердегі тезекті алайын деп ұмсына бергенде қарсы алдымда тұрған қасқырды көрдім. Көз алмай қарап тұр. Мен де қараған күйі қимылсыз сілейдім де қалдым. Іштей арбалып бара жатқанымды сезіп тұрмын. Бір шай қайнатым уақыт өтті ме екен, қандыауыз бұрылып кеткенше қыбыр ете алмадым. Гипноздап кеткен болып тұр ғой?! Ешқандай да ой келмеді. Қоңыр көзді, жауырыны күдіс кәдімгі қасқыр…

Кейіпкеріміздің айтуынша, көкжал, құртқа атаулы адамға себепсіз келіп шаппайды. Қаңтар, ақпан айларында ұрғашысы ұйыққанда қауіпті.

– Егер топ қасқыр маңынан көз-көрім жерде салт атпен жатсаң құртқасы әншейін арсалаңдап саған қарай тұра ұмтылуы мүмкін. Көзі қанталап, мықтылықтарын дәлелдеуге әзір әрбірі саған жүріп, астыңдағы атыңмен жеп қояды, – деді шопан. – Құртқа, кейде өлекшін дейді, қажет болса, қораңды да көрсетіп жібереді.

«Түздің заңын сыйлауға тиіспіз»

Тарбағатай аумағында жортқан сұсты тағымен жолықпаған шопан-бақташы некен-саяқ шығар. Белі берік, сирағы сіңірлі, азуы жарқыраған хайуанмен бетпе-бет жолықпаудың бірден-бір амалы – күн ұзаққа мылтық асынып жүру. Талас Дюсекенов шопан болған жылдары қаруын күнде кешкісін оқтап, патронтажын ұдайы толтырып қоятын. Жападан жалғыз мал бағып жүргенде кешке дейін оқ атумен жүрді. Бірде бөтелкені көздесе, бірде айрықшаланған тасқа қарай шүріппені басады. Ит-құстан қаймықпайтынын көрсету үшін қолданылатын ескі әдіс еді бұл.

– Жаратқанға тәубе, ит-құс маған шауып көрмепті. Бір есептен, біздің аумаққа кірген жоқ, олардың жерінде біз мал бағып жүрміз. Қалыптастырған «заңын» сыйлауға тиіспіз деп санаймын, – деді жерлесіміз.

Табиғат қандай тосынсый әзірлесе де қиындық құрсауында қалдырмайтын небір жарау аттары болды. Оларды әсіресе құртқа ұйыққан кезде, яғни қаңтар-ақпан айларында мінуге тырысады. Ал былайғы күндері тай-құнан ерттеп, бір қолынан дүрбі түсірмей жүрді.

«Э-э-х, шопандық өмірге де жетері жоқ қой!» деді бір кезде. Бұл көзде көлігіміз Жоғарғы Тайынты ауылынан аса берген еді… Құлаққа ұрған танадай тыныштықта ірі қараның сан етінен жеген сәттерін еске алып, табиғаттың өзге тағылары жайлы сөз етті.

Айталық, аю, түлкі һәм сілеусін. Осылардың біреуі малыңды алды ма, Құдайға алғыс білдіруге тиіссің дейді. Себебі олар табын мен үйір ішіндегі семізі мен мықтысын емес, керісінше, ең әлсізі мен кәрісін қорек етеді. Айтуынша, бұндайға күйінудің керегі жоқ, қайта «бұйыртқаны» деу ләзім. Сайып келгенде, «салық төлеу» осы жерде көрініс берді.

– Кейде біреудің 50 қойын тамақтапты, жылқыға маза бермей жатыр деп қасқыр атуға шыққандарды естимін. Мұны естіп қапаланатыным рас. Бәлкім, сол азамат оған дейін өзі де ағаттық жіберген болар. Апандағы күшігін өлтірді ме екен? Не де болса тәртіпті бірінші адам бұзса, тағыдан еш қайран күтпеуге тиіс, – деді әңгімесін сабақтап.

Жоғарыда сілеусін деп сөз етті. Шопан болған күндері мысық тұқымдастың кішісін де, ірісін де жолықтырған. Ірісінің тұрқы шамамен неміс овчаркасына пара-пар. Алайда денесі біршама жалпақ, құлағы жүндес әрі бір көргенде жолбарыстан аумапты. Мал бағып жүріп құзға дүрбі тастағанда құзғындар ашарақтана бас қойған түлкіні көрді. Кейін білді, қызғылт түлкішекті жемтік еткен сілеусін кішігірім бұтаның үстінде жатыр екен. Ақыры Талас Дюсекенов қолға ілінген тасты жіберіп қалғанда тоят тапқан тағы секем ала бұта арасына сіңіп жоқ болған. Қимылы көз ілеспес.

Ит-құстан именбеген «Ұялас»

Малының амандығы ерткен итіне де байланысты болар. Шопан болған бірнеше жыл ішінде кейіпкерімізде алабай да, лайка да, кәнден де кейбір бақташылар айтып жүретін «дүбәрә тазы» да болған. Соның ішінде алабайдан көңілі қалыпты. Аш болсын, тоқ болсын өз малыңа шабады дейді. Тіпті алып денелі болса да арлан тұрмақ, қатардағы қасқырға әлінің жету-жетпеуі екіталай.

– Нағыз мал қорыған ит – қазақтың төбеті десем қате айтпаспын. Бірде туғалы тұрған биемді жоғалтып алдым. Арада біраз уақыт өткенде Ақыл деген жездем келіп «биең табылды!» деп сүйіншіледі. Ойланбастан «не сұрасаң да беремін» дегенім сол еді ұялас төбеттерімнің бірін нұсқады. Әлі күшік болатын, таңдап ірірегін алды, – деді Талас Еркінұлы.

Сөйтіп 2005-2006 жылдары үйір мен табынның тыныштығын күзеткен «Ұяластың» дәурені басталды. Төбеттің тұрқы айрықша алып. Кеудесі көріктей, тұла бойын жапқан қалың түктері құлпыра төгілген. Жапандағы жалғыз үйге үрей лебін сездіріп, қасқырдың ұлыған даусы жақын жерден шығып жатқанда «Ұялас» қана міз бақпайтын. Жерлесіміздің айтуынша, тықыр таянғанда ит-құсқа бір өзі шабудан да тайынбайды. Бар қуаты бойында, айбынды. Шопан «төбетім қасқыр алды, айқасқа түсті» демеді, кесіп-пішіп айтқаны – тағыға қарсы шығарлықтай рухы болды. Анығы сол, «Ұялас» жортқан қыстау маңы қашан да жыртқыш шабуылынан ада болып, алаңсыз шақтарды өткерді. Женька мен Анатолий есімді көмекшілері де әркез жанынан табылған. Тарбағатайлық азамат бұл жайлы әңгімелеуден жалықпас еді, тек айналасы екі сағат ішінде межелі жерге жетіп қойыппыз…

Талас Дюсекенов 2009 жылы Өскеменге қоныс аударған. Отбасылы, қазірде жеке кәсіпкер. «Ауылдан тым асығыс көшіп кетпедім бе?» деп те өзіне сауал қойды. Әр тірліктің өз ризығы болады ғой. Дала заңын түйсініп, тағылар әлемінде талай рет жалғыз жүріп шыныққан азамат табиғатқа күні бүгінге дейін жанашырлықпен қарайды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ