Тарихи сурет төңірегіндегі талқы

914
көрілім

Өктем топ өзіне қарсы мұндай күш топтасатынын күтпесе керек. Киген киімдері, шаш үлгісі, тіпті жіберген мұрты бір-біріне қатты ұқсайтын жастар әлден уақытта кірді де кетті ұрысқа. Сол бір ұқсастық кейін тарихи фотосуретке айналған кадрлардың талқыға түсуіне әкелді. Естеріңізде болса, 2020 жылдың желтоқсан айында «Алаңдағы қасірет күндер» деген тақырыппен мақала жазған едік. Басты кейіпкері – катонқарағайлық Бекжан Камалиев. Тарихи фотосуреттегі жігіттің жерлесіміз екендігіне сенімді болдық. Алайда кейін талдықорғандық азаматтың да «суреттегі мен едім» дегенін естідік.

Алаңдағы азаматтардың айтқаны
Басын ашып алар жайт, кейіпкерлеріміз осыған дейін «қан-жоса қалпымда сүйреп бара жатқанда камераға түсіп қалдым» деп өздері сұранып, сөз алмаған. Тарихта қаншама түтінге қасірет әкеліп, үрей ұялатқан оқиға ретінде сақталған кезең уақыт өткен сайын жаңа деректерімен бөлісіп жатыр. Мақаланы әзірлеу кезінде Еңбек ауылының тумасы Бекжан Камалиевтің пікірін, «Jeltoqsan-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, зайсандық Марат Рамазановтың, сондай-ақ тарихи суреттен өзін көрген Талдықорған өңірінің тумасы Мейрам Қайсановтың ойын негізге алдық. Сонымен 1986 жыл, көсіліп жатқан кең сауыр – Брежнев алаңы. Күн ашық, бірақ ызғар соғады. Алаңда болған көп адам ауа райын осылай қысқаша сипаттайды. Желтоқсан айының 16, 17, 18 күндерін еске ала бере, «бұл жастардың желігі емес, саяси күрес, саяси соқтығыс, саяси шайқас еді» деп жанарлары жалын шаша еске алады. Ал сол шайқаста езгіге қалып, итке таланып, тапталғандар саны нақты бір санақпен шектелмес. Қатарын толықтыра түскен милиционерлердің шебін бұзып, күш алған кез желтоқсан айының 17-сі болатын.
– Сол күні түс қайта сағат 16:00 шамасында алаңдағы мыңдаған жастар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқадық. Жігіттермен иін тірестіріп, қазақтың қаракөз қыздары да бір қадам артқа шегінбей қасқайып тұрды. Бірақ біз бейбіт шеруге шыққан едік, – деді Бекжан Камалиев.

Бекжан Камалиевтің 1986 жылдың жазында түскен суреті


Жерлес жазушы Бекежан Тілегеновтың «Сексен алтыншы жыл» атты романында қақтығыстың қалай басталғаны тәптіштеп жазылған. Сол шығармада жастар жағы басымдық байқатып, тықсырып, ығыстырып бара жатқанда полковниктің:
– Өрт машинасын жеткізіңдер! – деп айқайлап, капитанға абдырай тіл қатқаны бар.
Бекжан Биахметұлы да алаңдағы бітіспес күресті бастаған сол өрт сөндіру машинасы екенін айтты.
– Оған дейін әр жерде бірін-бірі итеріп, қол көтеруге бармай тұрған сәт. Сүт пісірім уақыт өтпей, бейбіт шеру қанды шайқасқа ұласты. Жігіт пе, қыз ба, айырмашылығы жоқ, барлығын тегіс соққыға жыға бастады, – деді желтоқсаншы.
Қазіргі уақытта Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық Драма театрында актер болып жүрген Мейрам Қайсанов та осы кезде қалың лектің арасында болғанын айтты. Кейін бейнематериалдардан көрсетіле бастағанда өзін айнытпай таныпты.
– 1991 жылы 16 желтоқсан күні көгілдір экраннан бейнематериалдар ұсынылғанда өзімді көріп, төбемнен су құйып жібергендей күйде қалдым. Ол кезде жиырманың бесеуін толтырғам. Соны көргеннен кейін біраз уақыт үнсіздік орнады. Арада он жыл өткенде Астанаға келдім. Ол кезде мұндағы жігіттер павлодарлық досымнан осы әңгімені естіген. Ақпарат жан-жаққа тарап, түбінде бірнеше журналист келіп менен сұхбат алды, – деді Мейрам Иебекұлы.

«Жар салып, жария етпедім»
Кейін осындай мақаланың бірі республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің электронды нұсқасында 2019 жылдың 18 қарашасында «Желтоқсаншы» деген тақырыппен жарық көрді. Мейрам Қайсанов кейінірек Алматы өңіріндегі азаматтың «суреттегі жігіт менмін» дегенін құлағы шалған, бірақ Бекжан Камалиев жайлы бейхабар екенін айтты.
– Көтеріліске қатысуын қатыстым, бірақ «ана суреттегі мен едім» деп жар салып, жария етпедім, – деді кейіпкеріміз. – Қанды қақтығыстан кейін бес-ақ жыл өткен, сол бейнекадрдан өзімді бірден таныдым. Іле түрлі әңгімелер кетіп, бір жігіт «Қызғыш құс» фильмі жарыққа шыққан соң режиссерге көз жасын төгіп, «менмін» депті.

«Egemen Qazaqstan» газетінің электронды нұсқасындағы «Желтоқсаншы» мақаласынан алынды. Суретте Мейрам Қайсанов


Мейрам Қайсанов тарихи фотосуреттегі жігіттің өзі екені жайлы көпке жария етпеуінің себебін айтты. Соған сүйенсек, желтоқсан айының 17-сі күн еңкейіп, сағат тілі кешкі 18:30 шамасын көрсеткенде қалың топтың алдында тұрған. Мұздай қаруланған әскерге «Алға» деп пәрмен берілгенде екі жақ сеңдей сапырылысып, ұрысқа кіргенін жеткізді.
– Кейін мен мынадай тұжырымға келдім: кеңес әскері ешбіріміздің басымыздан сипамады. Тепкінің астына алып, мәшинеге тиеді. Өзім үш рет талып, үш рет көзімді аштым. Сондай сәттердің бірінде жанымнан бір метрдей арақашықтықта тұрып, камераға түсіріп келе жатқандарды көріп қалдым. Солдаттар басымды қайыра көтеріп, сүйреп әкеле жатқанда камераның жарығы көзіме шағылысты, – деді Мейрам Иебекұлы.

Мейрам Қайсанов, фотосурет kaztheatre.kz сайтынан


Бекжан Камалиев жүрген аумақта қазақтың қарагөздері беттерін қан жуып кетсе де, айқасқа кіріп кеткен. Өзі соларға араша түсемін деп көппен бірге қызылжағалылармен арпалысқа түсті. Бұл да кешқұрым болған оқиға.
– Осы кезде әскерилер басымнан күрекпен гүрс еткізіп, іле электрошокермен сұлатып түсірді. Сүйрегеннен-сүйреп, өзгелермен бірге автобусқа нығады. Діңкем құрып, ес-түссіз күйімде сүйретіп әкеле жатқанда жасырын камералардың бірі кадрға түсіріп үлгеріпті, – деді Еңбек ауылының тумасы.

Соққыға жығып, суретке түсірген
Алайда бұл суретті Бекжан Камалиев тек қанды оқиғаның алауы басылып, арада бірнеше жыл өткен соң барып байқаған екен. Екі кейіпкеріміздің де айтқан ортақ ойы: «Жендеттер ешкімнің басынан сипамады, барлығымыз таяқ жедік». Сөйтіп, Бекжан Биахметұлынан бөлек, тағы екі-үш адамның тарихи суретке қатысы бар екені жайлы ақпараттар көлденең шықты. Дей тұрғанмен зайсандық азамат, «Jeltoqsan-86» ұйымының төрағасы Марат Рамазанов шашынан сүйреп әкетіп бара жатқан жігіттің катонқарағайлық азамат екеніне еш шәк келтірмеді. Оның айтуынша, сол уақытта алаңдағы арпалыстың бел ортасында жүріп, кейін Өскемендегі облыстық Драма театрдың көркемдік жетекшісі болған Сахан Әкелеев осыны естігенде қаны басына шапшып, бірден Мейрам Қайсановқа қоңырау шалған. Бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтып, көкейде жиналған ызасын төккен көрінеді.

Суретте Бекжан КАМАЛИЕВ


– Фотосуреттегі Бекжан екеніне күмән келтірмеймін. Сол жылдары оның шашы бұйра, қалың еді. Қияқ мұрты ықшам әрі бейнежазбаның үзіндісі мен 86-шы жылы түскен суретін салыстырғанда, бірден ұқсатуға болады. Сараптамаға жүгінсек те, түптің-түбінде Бекжан болып шығады, – деді Марат Рамазанов.
Ал «Желтоқсаншы» мақаласының авторы Бекен Қайратұлының ақпаратында Мейрам Қайсановтың бүйірден тиген соққыдан есін жоғалтып алғаны жазылған. Шашынан сүйреп бара жатқанда шақырайған нәрсе көз аштырмапты. Осы жердегі ұқсастық сол, Бекжан Камалиев пен Мейрам Иебекұлы алаңда жүріп, таяқтың астында қалған уақыт – 17 желтоқсан, кешкі сағат 18:30 бен 20:00 аралығы. Екі азамат та бойдан күш кетіп, әбден әлсіреген кезде қарсы алдында камера түсіріп тұрғанын айтты. Десе де Шығыстағы желтоқсаншылар сол мақалада талдықорғандық азаматтың суреті түпнұсқамен сәйкеспей тұрғанын жасырмады. Марат Рамазановтың сөзінше, қала әкімі Жақсылық Омар да тарихи суреттегі жігітті «менің жездем» депті. Бірақ ол катонқарағайлық азаматты әлі көрген жоқ.

Марат Рамазанов


Қуанышты жаңалық – Бекжан Камалиев былтыр жазда 62, 65 баптар бойынша ақталып шықты. Десе де қала, облыс басшылығы тарапынан бұл азаматтарға ешбір жеңілдік жоқ. Айталық, Алматыда бұл үшін автобустар мен метрода тегін жүру, Таразда моншаға тегін түсу, тағы бір өңірде нотариустың ақысыз қызмет көрсету жағы шешімін тапқан. Әкімдік кабинеттерінде толассыз өткізілетін отырыс-жиындардың соңы әлдебір мәселелердің шешілуіне ықпал етіп жатқаны шамалы. Осы жандардың да үніне құлақ асып, белгілі бір жеңілдіктер легін қарастырғандары орынды сияқты. 36 жыл бұрын талай жанұяның түндігі желпілдеп, шаңырағы ортасына түскен күндер – тарихқа қаламмен емес қанмен жазылғандығына көпшілік куә.
***
Алаң – қазақ елінің талай жылғы асқынған ауруының қанды жарасы. Сол жара 16 желтоқсан күні жарылып, бүкіл жиналған уыты сыртқа шықты. Қазірде облыста 240-қа жуық желтоқсаншы бар. Құдай қуат берсін дейміз оларға! Ал фотосуреттерге қатысты қорытындыны оқырман өзі анықтай жатар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ