Тәуелсіздік тағылымы

1566
көрілім

Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу.

Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.

Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.

Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт.

Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен отыз жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым.

Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім.

Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.

Тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік.

Мен миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын XX ғасырдың ортасында дүниеге келдім. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қазақтар қатыспаса да, патшаның 1916 жылғы маусымдағы жарлығымен тыл жұмысы үшін әскерге шақырылды. Отаршыл өкіметтің өктемдігі мен зұлымдығы халықты ашындырып, төзімін тауысты. Сол кездегі Жетісу өлкесінің Қарқара, Қастек, Самсы өңірінде болған ұлт-азаттық көтерілістерге менің ата-бабаларым да қатысты.

Бұдан кейінгі қазақ даласын қанға бөктірген Азамат соғысы да халқымызға қисапсыз мол қасірет әкелді. Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады.

Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап, күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған.

Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, ер-азаматының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек.

Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан.

Соғыстан соңғы кезеңдегі тың игеру, металл қорыту, болат балқыту – халық шаруашылығын қалпына келтірудің дәл ортасында жүрдік. Социализмнің артықшылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдықтың нәтижесі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ.

XX ғасыр басында алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Патшалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша, Дала өлкесінде, Түркістан өлкесіндегі қазақтарды қоспағанда, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Демек, Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жарты ғасырдай уақыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақстандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, республика халқының небәрі 30 пайызын ғана құраған.

Мен 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді.

Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан.

Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын.

Біз, Абай атамыз айтқандай, «ақырын жүріп, анық бастық». Соның арқасында көп салалар мен бағыттар бойынша өзгелерден озып кеттік. Енді осының мән-жайына тереңірек тоқталып, бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректі халықтың назарына ұсынғым келеді.

Кеңес Одағы сынды алып империя өткен ғасырдың 70-жылдары тарихшылар қауымы «тоқырау» деп айдар таққан күрделі кезеңге аяқ басты. Тек жоғары билік бекіткен жоспар мен қосып жазуға негізделген кеңестік экономика, жалаң ой, жадағай пікірлі коммунистік идеология қоғам дамуын тығырыққа тіреді.

Тоқырау кезінде ел экономикасында орын алған мүшкіл халді Қарағанды облыстық партия комитетінде басшылық қызмет атқарған 70-жылдардың соңында айқын аңғара бастадым. Ал мен Қазақ КСР Үкіметінің басшылығына тағайындалған 80-жылдары жағдай тіпті асқынып тұрған болатын.

М.С.Горбачевтың «қайта құруы» тоқырауға белшесінен батқан қоғамға серпіліс әкеле алмады, керісінше көпсөзділікке, жаппай жарнамалық ұрандарға жол берілді. Экономикалық базис жасалмай, асығыс басталған «бетбұрыс» жылдар бойы қордаланған проблемаларды одан әрі өршітіп, шарықтау шегіне жеткізді.

КСРО-да болған алғашқы демократиялық сайлаудың нәтижесінде іріктелген халық депутаттарының І съезі 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өтті. Бұл кезде мен Республика Министрлер Кеңесі төрағасы болатынмын. Алып одақ экономикасында орын алған мүшкіл жағдайды ашық айтуға тура келді.

Кремльдің Съездер сарайының трибунасынан мамырда сөйлеген сөзімді қаз-қалпында келтірер болсақ, онда былай деген екем: «…Қызметтік міндетім бойынша практикалық экономика мәселелерімен айналысып жүрген менің айтарым: біз бүгінде ел экономикасындағы шынайы жағдайды нақты білмейміз. Өздеріңіз ойлап көріңіздер: КСРО Мемлекеттік статистика комитеті деректері бойынша, елдегі азық-түлік өндірісі артқан, бірақ сөрелер бос. Жоспарлар орындалуда, ал экономика ахуалы нашарлап барады. Неге? Мұндай «негелер» тым көбейіп кетті. Түптің түбінде экономикадағы дағдарыстың қаншалықты тереңдеп кеткенін анықтап, оны еңсерудің айқын жолын табуымыз керек-ақ.

Он екінші бесжылдық жоспары тоқыраудың ең тозған дәстүрлері негізінде жасалды».

Әрине, екі күннің бірінде «қайта құру», «бетбұрыс», тіпті «жеделдету» деп ұрандатып жатқан М.Горбачевқа «он екінші бесжылдық тоқыраудың ең нашар дәстүрі негізінде жасалды» деген сөз ұнай қойған жоқ. Тіпті, регламентпен шектегісі келгендей сыңай танытты. Бірақ залдың дүркірете қол соққаны оның мені тоқтатуына мүмкіндік бермеді.

«Шешінген судан тайынбас» дегендей, енді тартынып қалуға болмайтынын сезгендіктен, Қазақстанда қалыптасқан ауыр жағдайды да айтуға тура келді: «Ведомстволық өктемдік әлемдік нарықта зор сұранысқа ие шикізат ресурсына бай республикамыздың өз әлеуметтік дамуында ауыр халге түсуіне, экологиялық дағдарыс шегіне келіп тірелуіне  әкеп соқтырды. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен пілдің кебін киген министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды. Екібастұз даланы күлге бөктіруде. Мұнай өндіріп жатқандарға оның түк қайыры болмай тұр. Түрлі полигон үшін малшылар өрістерінен айырылды, ал оның өтемі туралы мүлде сөз жоқ».

Сөзімді аяқтап, залға қарасам, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Г.В.Колбиннің өңі сұп-сұр болып кеткен екен. Бірақ ел мүддесі, халық тағдыры талқыға түскен мұндай сәттерде аянып қалуға болмайтын еді.

Одақтың кетеуі кетіп, іргесі сөгіле бастаған кейінгі екі жыл ішінде қалыптасқан нақты жағдай тіпті ушығып кетті.

Назарбаев Тәуелсіздік

Кейін зерттеушілер «егемендік шеруі» деп айдар таққан үдеріске 1989 жылы алдымен Балтық елдері кірісіп, Кавказ елдерінде жалғасты да, артынан бүкіл Кеңес Одағын қамтыды. 1990 жылдың аяғына дейін Одақ құрамындағы 15 республика түгелдей өз егемендігін жариялап үлгергенімен, Эстония, Литва және Латвия елдерінен басқа 12 республика әлі Одақ құрамында болатын.

М.С.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі «тамыз бүлігі» болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігін күллі әлемге танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында қалған республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті.

Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді.

Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты.

Сайлаудан 2 күн өткенде – 3 желтоқсанда Алматыға М.Хофф бастаған Еуропа Парламентінің үлкен делегациясы келіп, Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті ретінде мені ресми сапармен Брюссельге келуге шақырды. Бұл да бізге үлкен демеу, халықаралық деңгейдегі қолдау болды.

Біз тәуелсіздікті жариялауға дайындықтың соңғы, шешуші кезеңіне де келіп жеттік. 8 желтоқсанда Б.Н.Ельцин, Л.М.Кравчук және С.С.Шушкевичтің қатысуымен Белоруссияның Беловежьесінде өткен кездесуде Кеңес Одағының «халықаралық құқық пен геосаяси жағдай субъектісі» ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жарияланды. Мен Ельцинмен, Кравчукпен, Шушкевичпен жүздесу үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұштым, мұндай кездесу күні бұрын жоспарланған еді, бірақ шақырылған үшеуі де келмей қалып, кездесу болмай қалды.

Бұдан кейін кеңес және шетелдік баспасөз өкілдерімен Мәскеуде өткізген баспасөз мәслихатында: «КСРО құрамына енген барлық республикалардың тәуелсіздігін мойындап, олардың тез арада Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына көмектесу керек», – деген пікірімді ортаға салдым.

Желтоқсанның 12-13 жұлдызында Ашхабадта Орталық Азия республикаларының басшыларымен бас қосып, жағдайды саралай келіп, біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына тең құқылы мүше болуға әзір екендігіміз жөнінде ортақ мәлімдеме жасадық. Ертеңінде көптен күткен күн туып, Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң шығарылды.

Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануға тиіс болатын. Оның үстіне, өзге республикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты.

Жоғарғы Кеңес залында вице-президент Е.М.Асанбаев қатысып отырғанымен, мен талқылауды кабинетімдегі байланыс арқылы жіті бақылап отырдым. Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?», – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті.

Көп ұзамай тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», – деді.

Ал енді бір «халық қалаулысының»: «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының Президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?», – деген сұрағына орай депутат С.Сартаев оған қазақ елінің Президенті «мемлекеттік тілді және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам» бола алатыны жөнінде заңда тайға таңба басқандай жазулы екенін ескертті.

Мен әдейі, этика сақтап және ол уақыттың алыста қалғанына, заман-төреші бәрін әлдеқашан өз орнына келтіргеніне байланысты қазір олардың атын атап, түсін түстеуді жөн көрмедім.

Әрине, олардың мұндай «батыл» сөйлеуінің ар жағында қолтығына су бүркетін сыртқы күштердің бар екенін де бірден аңғардым. Бірақ маған қателесуге де, ашуға бой алдыруға да болмайтын еді. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары, ел ағалары, белгілі заңгер, ғылым қайраткерлері С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, М.Қозыбаев, Ө.Жолдасбеков, т.б. депутаттардың орнықты, дәлелді жауаптарына қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмады.

Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде 16 желтоқсан күні түстен кейін мен Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы, күллі әлем жұрты күтіп отырғанын былайша жеткіздім: «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні – осы.  Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің,  ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын».

Осы сөзден кейін қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты.

Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын.

Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын еді. Мен Қазақстан тәуелсіздігінің осындай биік деңгейде мойындалуын да алдын ала ойластырып қойған едім.

Бірнеше ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы келісудің нәтижесінде Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннің ертеңінде елімізге ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкердің өзі келді. Бұл оның Қазақстанға екінші сапары болатын. Осы уақыт ішінде екеуміз өзара сенімге негізделген достық қатынас орнатып үлгерген едік. АҚШ-тың сыртқы саясатына жауапты тұлға Қазақстанды тұңғыш Президент сайлауымен, тәуелсіздік жариялауымен шын жүректен құттықтады. Бұл ақпаратты онымен бірге келген шетелдік журналистер қауымы АҚШ пен Батыс елдеріне сол сәтте-ақ таратып жіберді.

Оқиғалар ағыны қарқын ала түсті. Экономикалық ынтымақтастықты сақтау үшін 21 желтоқсан күні Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Армения, Молдова және Қазақстан президенттері  бас қосқан кездесуде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөнінде келісімге қол қойылды. Саммит Қазақстан тарапының бастамасымен Алматыда өтті. Бұл бір кездері «КСРО құрамына енген республикалардың ендігі тағдыры қалай болады, кімнің жетегінде кетуі мүмкін?» деген әлем мемлекеттерінің алаңдаушылығын сап тыйып, Достастық мемлекеттерінің бірлестігі пайда болды.

Тәуелсіздік осындай «тар жол, тайғақ кешулер» мен «соқтықпалы, соқпақты замандардан» аман өтіп, өзінің арналы жолын тапты.

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек.  «Бірлігі бар ел озады», – дейді дана халқымыз.

Біз дамудың даңғыл жолына түскенде өзіміз сияқты тәуелсіздігін жариялаған Грузия, Әзербайжан, Армения мемлекеттерінде, өкінішке қарай, соғыс өрті тұтанып, Приднестровье Молдовадан бөлініп кетті. Тәжікстанда азамат соғысы өршіп, бауырлас қырғыз елінде дүркін-дүркін дүмпулер мен қақтығыстар орын алып, сол жылдары басталған келіспеушіліктер әлі күнге дейін жалғасып, елдің берекесін алып қана қойған жоқ, экономикасын да тұралатып, жылдар бойы алға дамуын тежеді. Украинаның оңтүстік-шығысындағы осы күнгі жанжалдың төркіні де тоқсаныншы жылдардан келе жатқан алауыздықтардан басталды.

жастар

Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес.

Тәуелсіздік жариялаған соң жүйелі саяси реформаны қолға алдық. Осыдан жиырма бес жыл бұрын бүгінгі барлық жетістіктерімізге берік заңнамалық іргетас болып қаланған Ата заңымыз – жаңа Конституциямызды қабылдадық. Бүкіл халық болып талқылаған бұл құжат ел даналығы мен ынтымағының, береке-бірліктің іргетасына айналды.

Дүниеде экономикалық даму мен демократияның алуан формасы болса да, оның дәл сол күйінде көшіріп ала қоятын ортақ үлгісі жоқ. Біз әлемдік тәжірибені қорытып, өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктерімізді ескеріп «Қазақстан – 2030» стратегиясын түздік. Онда белгіленген межелі көрсеткіштерді мерзімінен бұрын орындаған соң халықтың қолдауын тапқан «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жасадық. Әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар «Қазақстан жолы» деп жоғары баға берген ұлт дамуының даңғыл жолының өзегін дәл осы қос стратегия құрайды.

Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер-астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық. Бабаларымыз бізге мұра қылып ұлан-ғайыр жер қалдырды. Бірақ ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеді.

Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды. ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекарамыз бойынша да тарихи уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жайт шекара мәселесі бойынша өзге де көршілес елдердің сындарлы ұстанымда болуына септігін тигізді.

Біз Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіспіз.

Келіссөз барысында өзара түсіністік пен тараптардың мүддесіне деген құрмет ахуалын  қалыптастыра отырып, біз жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алдық. Солайша, бабалар аманатын орындау үшін және күндердің күнінде өз ұрпағымыздың алдынан бұдан да ауыр қиындықтар шықпауы үшін түйткілдер мен кедергілердің бәрін еңсеріп, қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік.

Жер дегеннен шығады. Кеңес Одағы тұсында қазақтың ұлан-байтақ жерінің әр тұсы жантүршігерлік атом жарылыстары жасалған түрлі әскери полигондар мен базаларға, зертханаларға айналды. Тек бір ғана Семей полигонында 456 ядролық, термоядролық жарылыс жасалды. Оның 116-сы ашық атмосферада жарылып, халқымызға орасан зор зиянды зардаптар әкелді. Қазақстан ғалымдарының есебінше, Семей полигонында жарылған атом бомбасының жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан екі жарым мың есе артық екен. Мен осы тажал полигонын 1991 жылдың 29 тамызында жаптым.

Қазақстан тәуелсіздік алғанда біздің аумағымызда континентаралық баллистикалық ракеталарға арналған 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл әлемдегі төртінші ядролық әлеует еді.

Біз атом қаруынан өз еркімізбен бас тартып, бүкіләлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Бұл –Қазақстанның жаһандық бейбітшілікті сақтауға қосқан теңдессіз үлесі.

Тәуелсіздігімізді жариялағанда біздің өз валютамыз да жоқ еді. Әлемдік қаржы нарығын мұқият зерттей келіп, ұлттық теңгемізді де дер кезінде айналымға енгіздік.

«Қамданған қапы қалмайды» дейді халқымыз. Ертеңін ойлаған ел ғана озады. Болашақ ұрпағымыз ештеңеден тарылмауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинақтадық. Дәл осы мол қаражат пандемия кезінде бізге көмек болды.

Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды.

Астананың қарыштап дамуы еліміздің өзге өңірлерінің өркендеп өсуіне серпін берді. Шымкент халқының саны миллионнан асқан республикалық дербес үшінші қала қатарына қосылды. Екі мың жылдық тарихы бар көне Түркістан кейінгі екі жылдың ішінде айтарлықтай өзгеріп, әсем шаһарлардың біріне айналды. Еліміздің өзге өңірлері мен ірі қалаларын да дәл осындай болашақ күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын.

Егемендіктің елең-алаңында-ақ мен Қазақстанға экономикалық жаңғыру, инфрақұрылымды жаңарту және шикізатқа тәуелділіктен құтылу қажет екенін түсіндім. Бірақ тек үшінші онжылдықтың басына қарай, ресурс пен тәжірибе жинақтаған соң ғана біз бұл қиын істі жүзеге асыра алдық.

Біз индустрияландыруға және өз өнеркәсіп базамызды дамытуға  иек арттық. Сол мақсатпен Индустриялық-инновациялық дамудың үш бағдарламасы қабылданды, 9 триллион теңге сомасындағы 1500 жоба енгізілді. Қазақстан бұрын өндірілмеген өнімдер – электровоз, автобус, автомобиль, теміржол вагондары, трансформаторлар және басқа да  500-ден астам өнім түрін шығара бастады.

Жолдар мемлекеттің көлік саласының қан тамыры қызметін атқаратыны белгілі.  Небәрі 10 жыл ішінде біз 14 мың шақырым автомобиль жолын және 2,5 мың шақырым теміржол салдық, ірі әуежайлардың бәрін, теңіз бен құрлық порттарын қайта жаңғырттық. Соның нәтижесінде теңізге шығатын жолы болмаған Қазақстан Еуропа елдеріне, Парсы шығанағына, Үнді, Алтант және Тынық мұхитқа тікелей шығу мүмкіндігіне қол жеткізді және еуразиялық трансконтинентальды көлік көпіріне айналды.

Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін.

Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған миллионнан астам қандастарымызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мемлекет бар. Біз осыншама қандастарымызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек.

Еліміз тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде көптеген қиындықты еңсеріп, ұлан-ғайыр табыстарға қол жеткізді. Алда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз де, ықтимал сын-қатерлер де аз емес.

Міне, екі жылдан бері дүние жүзі алаң күй кешуде. Коронавирус дертінен туындаған пандемия әлемдік экономиканы ғана емес, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды, ғылым мен технология дамуын, жалпы адамның ойлау жүйесін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, адамзатқа ортақ індет даму деңгейіне қарамастан ел мен елдің экономикасы мен технологиясын жақындастырып, бір-бірімен ынтымақтастыра бастады. Соның негізінде жаңа жаһандық экономикалық парадигма қалыптасты.

Жақында Нобель сыйлығының түрлі ғылым саласындағы лауреаттарының үлкен бір шоғыры «Біздің ғаламшар, біздің болашағымыз» саммитінің қорытындысы бойынша әлем мемлекеттеріне үндеу жасап, пандемия адамзат дамуына Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен апат болып енгендігін атап көрсетіп, онымен бүкіл дүниежүзі бірлесе күресуі керектігін алға тартты. Олар: «Егер осы бесжылдықта трансформациялық шаралар қабылданбаса, адамзаттың болашағына ауыр қатер төнетін болады… Қоғамның ең кедей және маргиналданған топтары мейлінше әлсіз жіктер күйінде қала береді», – деді.

Бұл менің осыдан тура 30 жылдай бұрын, 1992 жылдың 5 қазанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен айтқан ұсыныстарыммен астасып жатыр. Біз сол кезеңнің өзінде әлемнің ең бай мемлекеттерінің әскери-соғыс мақсатына қарастыратын шығындарының 1%-ын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған едік. Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітімгершілік күштері туралы болған еді, бірақ, біріншіден, маңыздысы идея және ұжымдық әрекеттестіктің тетігі болатын, екіншіден, түрлі елдерде тәулік сайын жүздеген-мыңдаған адамды баудай түсіріп жатқан пандемияның соғыстан несі кем?

Егер дәл сол кезде мен ұсынғандай қор жасалған болса, қазіргі пандемия жағдайында кедей мемлекеттерге коронавируспен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға бағытталған шараларды ұйымдастыруға мол мүмкіндік туған болар еді.

Пандемия әлемді жаңа күшке, жетекші тенденциялар мен алдағы қауіп-қатерлерге негізделген жаңа геосаяси трансформацияға бастады. Тұтқиылдан келген індетке қарсы күресте жұртқа ақпарат пен сандық жүйеге негізделген жаңа технология көмек қолын созды. Бұл еңбек нарығына айтарлықтай жаңа өзгерістер әкелді.

Экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Писсаридес төртінші индустриялық революция барысында роботтар біртіндеп адамдар қызмет ететін мамандықтардың басым көпшілігін алмастыратын болады деген болжам жасаған еді. Сол болжам енді келді. Жаһандық технологияландыру нәтижесінде қазірдің өзінде ақпараттық технология, робот техникасы, синтетикалық биология, бионика, нанотехнология, жасанды интеллект саласында бұрын санаға да сыймайтын революциялық өзгерістер орын алып жатыр. Әлемде биоинженер, робот техникасы инженері, киберқауіпсіздік маманы, нейромаркетолог, космобиолог, урбанист-эколог, биофармаколог, агрокибернетик, метеоэнергетик сияқты жаңа мамандықтарға сұраныстар барған сайын арта түсуде.

Біз кезінде ЕХРО-2017 көрмесін өткізіп, жасыл энергетикаға көшудің кешенді бағдарламасын қабылдадық. Бүгінде бүкіл әлем баламалық энергетиканы – жел энергиясы, гелиоэнергетика, гидроэнергетика, биоэнергетика, геотермалды энергетика салаларын қарқынды дамыту үстінде. Осы үдерістен қалмауымыз керек.

Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз  «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды   әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін.

Кейіннен әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері желісі, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды. Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет.

Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысты. Маған: «Ата заңымызда Сізге ешқандай шектеулілік жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз», – деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек.

Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік.

Халықтан кім асырып айтқан?! «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек.

Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін.

Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік, ағайын!

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы.