Төмен жалақы алатын қызметкерлер өз құқығын қалай қорғай алады?

458
көрілім

Газет редакциясына жеке кәсіпкерлерге жалданып, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін азаматтар жиі хабарласып, шағымданып жатады. Олардың айтуынша, бастықтары уақытша еңбекке жарамсыздық парағын, демалыс және мереке күндерінде істеген жұмыс сағаттарын төлемейді. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің 2019 жылы еңбекақылары қандай мөлшерде болу керек, жұмыс беруші тарапынан қандай да бір заңсыз әрекет болса өз құқығыңды қалай қорғаған абзал, бұл сауалдарға ШҚО мемлекеттік Еңбек инспекциясының басшысы Бақытбек Қизатов жауап берді.

?Жалдамалы қызметкердің жалақысын кім және қалай белгілейді?

– Қызметкердің жалақысы жұмыс берушінің жалақы төлеу жүйесіне сәйкес еңбек шартында белгіленеді. Жалақы төлеу жүйесі еңбек шартының, ұжымдық шарттың және (немесе) жұмыс берушінің актілерімен анықталады. Қызметкерлердің өндірістің тиімділігін арттыру және орындалатын жұмыстардың сапасын көтеру үшін жұмыс беруші сыйақы беру сынды ынталандыру формаларын енгізе алады.

?2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы көтеріле ме?

– 2019 жылдың қаңтар айынан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрады. Бұдан бөлек, тиісті куәлігі бар адамдарға «Семей ядролық полигонында ядролық сынақтарға ұшыраған азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 18.07.1992 жылғы Заңына сәйкес 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленуі тиіс. Сонымен қатар 2018 жылдың 21 қарашасынан бастап Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен «ШҚО Кәсіподақтар орталығы» кәсіподақтар аймақтық бірлестігі және ШҚО Кәсіпкерлер палатасы арасында 2018-2020 жылдарға арналған аймақтық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Осыған сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 10 пайызға көтеріліп, олардың жаппай жұмыстан шығарылуына тыйым салынған болатын. Бұл келісім ресми түрде 2018 жылдың 24 қарашасында жарияланды. Осыған байланысты 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер төмен жалақы алатын қызметкерлердің ай сайынғы еңбекақысын 10 пайызға арттыруы тиіс.

?Жұмыс беруші өз қоластындағы қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыздық парағын, демалыс және мереке күндерінде істеген жұмыс сағаттарын төлемеуге құқылы ма?

– Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 85-бабы бойынша демалыс және мереке күндерінде жұмыс істеуіне қызметкердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде рұқсат етіледі (ауысым бойынша жұмыс істейтіндер мен 86-бапта көрсетілген жағдайлардан бөлек). Ал 86-бапта былай делінген: Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:

1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін;

2) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін;

3) тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

Демалыс және мереке күндерінде істеген жұмыс сағаттарын төлеу жұмыс берушінің актісімен ресімделеді, бұл құжатта жұмыс уақытының өтемақысы белгіленеді. Еңбек Кодексінің 109-бабында жазылғандай: Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі. Демалыс және мереке күндерінде жұмыс істеген қызметкер басқа күндері демалыс алуға немесе сол күн үшін өтемақы алуға құқылы.

Еңбек кодексінің 133-бабында жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаржысы есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу жайлы былай деп жазылған:

1. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.

2. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша қабілетсіздік парағы негіз болып табылады.

3. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.

?Жұмыс берушімен дау туындаса өз құқығыңды қалай қорғауға болады?

– Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда қызметкер ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясына (Өскемен қаласы, Карл Либкнехт көшесі, 19) жазбаша өтініш бере алады. Оның өтініші негізінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы нормаларының сақталуы үшін тексеру жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік органның тексеру актісінде субъектінің атауы немесе жеке тұлғаның аты-жөні, орналасқан жері, сәйкестендіру нөмірі, тексеру кезеңі көрсетіледі.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосурет: ашық дереккөз