Түркиялық жағажайлармен санаспақ

302
көрілім

Жұмыс сапарымен Үржар ауданына барған өңір басшысы Даниал Ахметов Алакөл жағасындағы құрылыс қарқынымен танысып, бірнеше жылдан соң аталмыш аймақтың Түркия жағажайларымен санасатынын айтты.

Алакөл жағасын жіті қадағалауды әдетке айналдырған облыс әкімі кезекті жұмыс сапарымен Алакөлге келді.

- Мұнда демалуға келетіндер қарасының, олардың ішінде шетелдік туристердің де көбейгені көңілге қуаныш ұялатады, - деді Даниал Кенжетайұлы. - Биылғы маусымда да, келесі жылы да Алакөл жағасын абаттандыруды жалғастыратын боламыз. Жақын арада Мәдениет үйінің құрылысы аяқталады. Мыңдаған туристер Алакөлдің емдік қасиетін сезініп қана қоймай, сонымен қатар осы өңірдің тарихына да көз жүгіртетін болады. Саябақтағы шыршалар мен самырсындардың санын көбейтеміз. Меніңше, бірнеше жылдан кейін біз Түркия елінің жағажайларымен бәсекелес бола аламыз.

Мәдениет үйінде тарихи-өлкетану мұражайын, концерттік және акт залдарын орналастыру жоспарланып отыр. Мердігер мекемелердің хабарлауынша, аталмыш нысан биылғы жылдың 1 қазанына қарай қолданысқа берілетін көрінеді. Сондай-ақ, облыс басшысы жағажайдағы саябақ көлемін ұлғайтуға да тапсырма берді.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ