Ұлан ауданында дзюдодан облыстық турнир өтті

616
көрілім

Қасым Қайсенов кентіндегі «Модуль» спорт кешенінде Тұңғыш Президент күніне орай дзюдодан 2006-2007 және 2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарысқа өңірдегі 11 аудан командаларынан барлығы 164 спортшы қатысты. Әр салмақта айтарлықтай шиеленісті белдесулер өтіп, тіпті жеткіншектер ара-тұра небір әдістерді орындап, қарсылас жауырынын жер иіскетті. Алайда қатысушылар үшін жуырда облыс орталығында өткен Марат Чегеевті еске алуға арналған халықаралық турнирде қола жүлдегер атанған Жібек Жақсыбайды құттықтау сәті айрықша әсерлі өтті. Жібек 52 келі салмақта бақ сынаған болатын. Қазір спорт шеберлігінен үміткер. Дзюдошыға аудан әкімінің орынбасары Ләзиза Кенжетаева бағалы сыйлықтар табыс етіп, жүлдегер атануымен құттықтады.

Ал турнир нәтижесіне көз жүгіртсек, ұландық спортшылардан 29 келі салмақта Таир Құсметов, Асанәлі Қайратов, Жасұлан Бекқазин, 32 келіде Досбол Жеңіс, 50 келіде Нұрбол Алтайхан, 66 келіде Асқар Нұрқасым және 73 келіден жоғары салмақта Мәди Құсайынов жүлдегерлер сапынан көрінді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ