Үржар ауданының тұрғыны бір жылда 38 мың литр сүт тапсырған

379
көрілім

Үржар ауданының тұрғыны бір жылдың ішінде 38 мың литр сүт тапсырған. Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

- Үржар ауданының тұрғыны Роза Болатханова тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Шығыс Қазақстан бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бір жылдың ішінде 38 мың литр сүт тапсырған ол 3,5 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Үржар ауданы әкімінің есеп беру жиынында сөз алған Роза Қосжанқызы осы бағыттағы отбасылық бизнесті бастау үшін қорадағы мал санын көбейтуге көмек сұрады. Біз әрине, оған қолдау көрсетеміз, - дейді облыс әкімі.

Үржар ауданы сүт өндіру саласында көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Бүгінде сүт өңдеу зауыттарының көрсеткіштері едәуір артып отыр. Бұған халықтан сүт сатып алу пункттерін құру ісі оң ықпал еткен.

- Өңір жастарын ауылға шақырамын. Бізде ауқымды жоспарлар бар. Тек Үржар ауданында биыл экспортқа бағытталған жүгері алқабын 3351 гектардан 4000-ға дейін, соя алқабын 958-ден 2000 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, - дейді Даниал Ахметов.