VR киіз үйдегі таңғажайып әлем һәм тартысты бестас бәсекесі. Өскемендіктер сенбіде серпіліп қайтты

119
көрілім

Ақпан айының 24-і күні Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «OQ-Ұлттық санаңды серпілт!» атты танымдық шара өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Кітапхана ұжымы өткен аптаны тегіс қазақтың ұлттық ойындарына арнап, қала қонақтары үшін өзгеше шаралар ұйымдастырды. Келушілер де «балаларды былай қойып, ересектердің өздері гаджеттерге әбден байланған заманда сауатты демалудың жөні бөлек» десті. Хакім Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ та көптің назарын аударды.


- Бүгін кітап ордамыз қасиет тұнған қазақ ауылына айналғандай айрықша әсерге бөлендік. Ұлттық ойынмен саналарын серпілткен балалар мен ата-аналар шат-шадыман көңіл күйге бөленді. Тоғызқұмалақ, асық, бестас ойнап, қызыққа кенелген балаларға ұлттық ойындар тарихы туралы кітап көрмемізді де таныстырдық. Осылайша, ойын ойнап серпіліп, кітап оқып, ой-санамызға сәуле түсірдік, - деді кітапхана ұжымындағылар.


Бір мезетте бірнеше шара өрбіді. Қатысушылар ләңгі теуіп, түс ауа кәдімгідей шиеленісті бәсеке өрбітті. Құрыс-тұрысын жазған көбі сәлден соң «OQ-KZ» шарасына арналған деректі және көркем фильм тамашалады.
Айта кетейік, алдағы сенбіде қазақ халық әндері басқосуға арқау болмақ.