Зайсан ауданында газ мәселесін шешуге 250 млн теңге бөлінбек

562
көрілім
Шартты фотосурет

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Зайсан өңіріне атізін салды. Шекара маңындағы аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында жұмыс сапарымен барған жауапты тұлға осы уақытқа дейін атқарылған тірліктердің бірнешеуімен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде Зайсан өңірі бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды, сондай-ақ облыстық жобаларды іске асыруда көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр. Аудан халқының 80 пайыздан астамы вакцинацияланған екен.

– Бүгінде Зайсан қарқынды даму үстінде. Іс-сапар барысында облыс басшысы жаңа Арбат пен аллеяға барып, белгілі археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаевпен бірлесіп бірнеше ағаш көшеттерін отырғызды, – деген аудан әкімі Серік Зайнулдин жоғарыда аталған басымдық жайлы да сөз етті. – Ауданымыз «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша алдыңғы орында тұр. 31 екі пәтерлі үй салынды, оған жақын арада көпбалалы отбасылар қоныстанады.

Бұдан өзге, биыл 60 пәтерлі бес қабатты үй пайдалануға берілетін көрінеді. Облыс әкімі бейінді басқармаларға ауданға қанша маман (мұғалімдер, дәрігерлер, медициналық қызметкерлер) жетіспейтінін есептеп, оларға осы үйден пәтер бөлуді тапсырып, ғимараты қысқа мерзімде жөнделген аудандық ауруханасы филиалына да бас сұқты. Анығы сол, қазір мұнда науқастарға арналған 19 палата бар.

Осыған дейін газет редакциясына жиі хабарласқан оқырмандар сауалына облыс әкімдігі осы сапар барысында көпшілік көзінше мәлім етті.

– Қараша айында бұл ауданға 250 млн теңге бөлемін. Қазіргі уақытқа дейін 100 млн теңгеге газ тартудың негізгі қадамы жасалды. Бұдан бөлек, тағы 150 млн теңгеге қосымша жұмыс атқарылады. Алдағы жылы жұмыс толыққанды аяқталуы үшін тағы 250 млн теңге бөлінбек, – деді Даниал Кенжетайұлы.

Белгілі болғандай, қазір Айнабұлақ ауылына 150 орындық мәдениет үйі салынуда. Бөтелкедегі артезиан суын өндіру сынды бірқатар инвестициялық жобалар да қолға алынатыны мәлім болды.

– Облыс басшысы «Шілікті - Ақжар» учаскесіндегі «Омбы - Майқапшағай» тас жолының жөндеу барысымен танысты. Жалпы ауданның дамуына негізгі индикаторлар бойынша оң бағасын берді, - деді Серік Зинабекұлы.