Зайсан ауданының Сарытерек ауылында спорт модулі жуық арада салынбайды

949
көрілім
Шартты фотосурет

Зайсан ауданының Сарытерек, Көгедай және Шалқар ауылдарынан бірнеше мәрте хабарласқан тұрақты оқырмандарымыз спортсүйер қауым үшін арнайы нысандардың жоқтығын айтқан болатын. Аудан әкімдігіне сұраухат жіберіп, бұл бағытта қандай шаралар қолға алынып жатқандығын біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Құрылыс салу тек жоспарға енгізілген

Тұрғындар саны азайып, болашағы бұлыңғыр ауылдар қатарында деуге келмейді. Берілген сұраухат жауабына сүйенсек, Көгедайда – 405, Шалқарда – 302 және Сарытерек ауылында 1291 адам тұрады. Алайда аталған ауылдардың үшеуінің де өтініш-тілегі бір. Талай жылдан бері спортты серік еткен жандар үшін спорттық кешен салынса дейді.

– Мектептің спорт залында көбінеки денешынықтыру сабақтары мен бір-екі спорт үйірмесі ғана өткізіледі. Спортқа қабілеті бар оқушылар жетерлік. Ауыл жастары да бос уақыттарын тиімді өткізгілері келеді. Кейбір оқушылар нәтиже көрсету үшін жаттығулар де өткізбек ниетте, – дейді Сарытерек ауылының тұрғыны Аян Ержанов (аты-жөні өзгертілген).

Бір өкініштісі, ауылдық округ орталығы саналатын Сарытеректе спорт модулін салу жуық арада қолға алынбайтыны белгілі болды. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қадылбекованың айтуынша, құрылыс салу тек жоспарға енгізілген. «Зайсан ауданының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізіліп, 2024 жылы спорт модулінің құрылысы жоспарлануда» – дейді ол.

Көгедайда «Street Workout» алаңы ғана бар

Анығы сол, қазір Сарытеректе спорттық нысандардардан жоғарыда атап өткен мектеп спорт залы, хоккей қорабы және жасанды футбол алаңы бар. Ал аудан басшылығының жауабына сүйенсек, Көгедайда жастарға жаз маусымында қолжетімді «Street Workout» көше жаттығу алаңы ғана бар. Мектептің спорт залын қайталап айта бергеннен түк шықпас. Айналып келгенде, сол спорттық нысан болып тұр ғой. Тұрғындардың өтініші еңселі ғимарат салдыру емес, салауатты өмір салтын ұстанамын деген көгедайлықтар зиянды әдеттерден ада болып, бір шағындау спорт нысанында бос уақыттарын тиімді өткізсек деген арман. Шалқар ауылында да осыған үндес жағдай. Әкімдіктегілерге «спортпен айналысуға ниет еткен жандарға қандай жағдай жасалған?» деп сауал жолдаған едік, ондағылар «Шалқар ауылында балалар алаңы орнатылып, қолданысқа берілді» дейді. Мектеп жасындағы балалар үшін базарлық бұл әрине, алайда жастар мен ересектерге мұндай алаң апталдай азаматқа белі қатпаған құлынға мінгенмен бірдей ғой.

– Аталған ауылдарда спортты дамыту шаралары үздіксіз жүргізіліп отырады. Мектептердің спорт залдары сабақтан тыс кешкі уақытта ауыл жастарының спортпен пайдалануына берілген. Мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында түрлі спортттық шаралар өткізіледі. Оқушылар да шайбалы хоккейден оза шауып жүр, – дейді Айгүл Қадылбекова.

Жүлдегер атанып жүрген оқушылардың жетістігі кімді болсын, қуантпай қоймайды, әрине. Десе де тұрғындар өтініш білдіріп, «бір спорттық нысан бой көтерсе» деген тілектері таяу жылда қолға алынса, мәдени орталықтан шалғайда жатқан ауылдықтар жанға жайлы жаңалық болары сөзсіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ