Жағымсыз иіс таратуда

568
көрілім

Катонқарағай ауданының Ақмарал ауылында тауық өсіруді қолға алған кәсіпкер айналасына жағымсыз иіс таратуда. Бұл туралы газет редакциясына қоңырау шалған ақмаралдық оқырманымыз айтуда. Кәсіпкер азаматша тарапынан санитарлық нормалардың сақталуына күмән білдірген көршісі тауыққораның ауылдан тысқары көшірілуін талап етуде. Ал жергілікті билік болса, аталмыш шаруашылықтың нормаға сәйкес салынғанын алға тартып, оның тұрғын үйлерден едәуір алшақ орналасқанын айтады. Ауыл ішінде көтерілген мәселені газет тілшісі саралап көрді.

- Көршім ауласында тауық өсіруді ұйымдастырғалы бері маңайдағы тұрғындардан маза кетті, - дейді Зере Бекенова (аты-жөні өзгертілген) есімді ақмаралдық тұрғын. - Тауық саңғырығының жағымсыз иісі жел соқса болды, қос қапталдағы көршілердің ауласына жайылып, үйдің ішіне дейін кіріп кететін болды. Қыс мезгілінде көп сезіле бермейтін жағымсыз иіс жаз шыға тіптен күшейеді. Кәсіп бастап, тасын өрге домалатып отырған көршіміздің ісіне өз басым қарсы емеспін. Бірақ оның да біздің жағдайымызды түсінгені дұрыс қой. Жалпы мұндай кәсіп түрі елдімекеннен жырақ жерде орналасуы керек емес пе? Ол үшін маңайдағы тұрғындар неге зардап шегуі керек?

Жергілікті билік назарын аталмыш мәселеге осылайша аудартуды ойлаған ауыл тұрғыны көршісінің аталмыш кәсібін санитарлық нормаға сай жүргізіп отырғанына күмән білдірді.

Газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Аққайнар ауылдық округінің әкімі Серікхан Құрманов аталған тауық өсіру шаруашылығында ауылдық кәсіпкердің 250 дана тауық асырап отырғанын айтады. Саны 100 мыңнан асатын тауық фермасы еместігін алға тартқан жауапты тұлға тауық ұстайтын шаруа қожалығы көршісінен 10 метр қашықтықта орналасқанын, әрі оның иесі қораны күнделікті тазалап, қоқысты арнайы жерге апарып төгетінін тілге тиек етті.

- Тауық өсіретін шаруа қожалығы аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасы мен Әділет басқармасында тіркелген, - дейді Серікхан Әлпешұлы. - Дегенмен, алдағы уақытта қожалықты басқа жерге көшіру жоспарда бар.

Айсұлтан АЗАМАТ