Жаңажылдық жасыл шырша

325
көрілім

Жаңа жылды өңіріміздің аудан, қалалары қалай қарсы алмақ?

 

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен санында өңіріміздің аудан-қалаларында өтетін жаңажылдық шаралар мен бірқатар қызықты фактілер жайында мақалалар сериясын оқырман назарына ұсынуды бастаған болатынбыз. Ол кезде біз Үржар және Зайсан аудандарында өтетін жаңажылдық шаралар жайына толығырақ тоқталып өткен едік. Газетіміздің бұл жолғы санында Күршім, Катонқарағай аудандары мен облыс орталығындағы мерекелік шаралар жайында ақпарат бере кетуді жөн көрдік.

Өскемен қаласы

31 желтоқсан күні облыс орталығының Республика алаңы, Комсомол аралы және Комендантка өзенінің сағасы сияқты үш алаңында мәдени-бұқаралық, ойын-сауықтық іс-шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі демеушілердің көмегімен аз қамтылған 30 отбасының балаларына жаңажылдық кулектер табыстамақ.

- Сонымен қатар қаланың соғыс және еңбек ардагерлеріне, қала белсенділеріне арналған жаңажылдық мереке өткізу жоспарлануда, - дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина.

Өскемен қаласының орталық алаңына жасанды шырша бірнеше жыл қатарынан орнатылып келеді. Ақ және көгілдір түсті ойыншықтармен безендірілген шыршаның биіктігі 20 метрді құрайды. Сондай-ақ Самал саябағына, Комсомол аралы мен Комендантка өзенінің сағасына биіктігі 10 метрлік үш интерактивті шырша орнатылады.

- Қала әкімінің жаңажылдық шыршасы 25 желтоқсан күні "Ертіс концерт" мекемесінде, ал мүгедек балаларға арналған шара Оқушылар шығармашылық сарайында өткізіледі, - деп қосты қала әкімінің орынбасары. - Бұл мерекелерге аз қамтылған көпбалалы отбасынан жалпы саны 450 бала қатысады деп жоспарланған.

Биыл қала қонақтары мен тұрғындары жаңажылдық отшашуды үш рет тамашалауға мүмкіндік алмақ. Бұл қалай дейсіз бе? Ендеше назар аударыңыз, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға ауған күні түнгі сағат 00.00-де бірінші отшашу Комсомол аралында, екіншісі сағат 00.30-да Комендантка өзенінің сағасында, ал үшінші отшашу сағат 01.00-де Республика алаңында ұйымдастырылады. Жаңа жылды қарсы алуға арналған мерекелік шаралар үш алаңда да 31 желтоқсан күні кешкі сағат 10.00-де басталады.

Катонқарағай ауданы

Жаңа жыл мерекесін атап өтуге биыл жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылған жоқ.

- Жаңа жыл мерекесін атап өту қарсаңында "Мүмкіндігі шектеулі балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқушылығы бар мүгедектерге және қарт азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі Катонқарағай аумақтық орталығы" мекемесінде ертеңгілік өткізіледі және жоғарыда аталған санаттағы балаларға арналған аудан әкімінің шыршасы Катонқарағай ауылындағы Ластаев атындағы орта мектепте 26 желтоқсан күні өткізіледі, - дейді газет редакциясына ресми хатпен жауап берген Катонқарағай аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рауан Нұрмолдин. - Шараға шамамен 200-дей бала жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар 27-31 желтоқсан аралығында аудандағы білім беру ұйымдарында жаңажылдық ертеңгіліктер өткізіледі. Ал 31 желтоқсан күні ауданның барлық ауылдық округтеріндегі Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарында ауыл тұрғындарына арналған Жаңа жыл мерекесін атап өту шаралары ұйымдастырылады.

Жауапты тұлғаның айтуынша, ауылдық округ орталықтарындағы алаңдарға шырша орнатуға бюджеттен қаражат қарастырылмаған көрінеді. Ал аудан орталығында орнатылатын табиғи шыршаның биіктігі 6 метр болмақ.

31 желтоқсан күні сағат түнгі 24.00-де аудан орталығы Үлкен Нарын ауылында қаржылай демеушілердің жаңажылдық отшашуы болады.

Күршім ауданы

Биыл жетім, ата-анасының қамқорынсыз қалған патронаттық тәрбиедегі, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, сондай-ақ дарынды балаларға арналған аудан әкімінің шыршасын өткізуге 1 млн 35 мың теңге қарастырылған.

- Аталған қаражатқа шараға жиналатын 120 балаға кулектер мен тәттілер алынады, - дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов. - Сондай-ақ тыл ардагерлеріне, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға мерекелік шаралар ұйымдастырылып, арнайы сыйлықтар табысталады.

Бұдан бөлек, 25 желтоқсан күні сағат таңертеңгі 10.00-де аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңажылдық шыршасы өтеді. 26 желтоқсан күні сағат таңертеңгі 10.00-де Жастар ресурстық орталығында 70 балаға, 27 желтоқсан күні сағат таңертеңгі 10.00-де Боран ауылындағы Қ.Нұрғалиев мектеп-гимназиясында 50 балаға арналған аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы өткізіледі. Сондай-ақ 26 желтоқсан күні сағат 18.00-де аудан орталығында 83 мектеп бітіруші түлекке арналған кеш ұйымдастырылады. Барлық шараға 240-тан астам адам қатысады деп жоспарлануда.

- 22 желтоқсан күні сағат 18.00-де аудан орталығында бас шыршаны жағу рәсімі, 29 желтоқсан күні аудан әкімінің тыл ардагерлерін, көпбалалы аналарды жаңажылдық құттықтауы, 30 желтоқсан күні сағат 18.00-де "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 2018 жылдың үздік номинация иегерлерін марапаттау, 31 желтоқсан күні сағат 20.00-де Жастар ресурстық орталығында "Карнавал-2019" көгілдір от шарасы өткізіледі, - деп қосты Мамырбек Жәлімханұлы.

Күршім ауданының билігі жаңажылдық бас шыршаны жылда орнатып әуре болмайды. Өйткені осы мақсатта 2012 жылы аудан орталығында арнайы табиғи шырша егілген. Бүгінде биіктігі 8 метр болатын жасыл шырша биыл да түрлі ойыншықтармен әрленетін болады. Ал жаңажылдық отшашуға келер болсақ, биыл оған арнайы қаражат қарастырылған жоқ. Десек те, бұл аудан тұрғындарының Жаңа жылдың басты нышандарының бірі саналатын ғажабынан құр қалады деген сөз емес. Демеушілердің қолдауымен жүзеге асатын отшашу 31 желтоқсан күні сағат 23.00-де Орталық алаңда ұйымдастырылады.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ