Жарма ауданында «Колониядағы бизнес» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді

710
көрілім

Жарма ауданының прокуратурасы кәсіпкерлермен «Шенеунік – кәсіпкер» атты кездесу өткізіп, іс-шара аясында барлық қатысушыларға ҚР кедендік және кәсіпкерлік Кодексінің нормалары түсіндірілген. Прокурорлар бизнесті тексеру мәселелері, сондай-ақ, бақылаушы органдардың шешімдері мен әрекеттерін даулау тәртібін түсіндіріп, кәсіпкерлер аудан прокуратурасына өздерін қызықтыратын мәселелері бойынша сұрақ қоюға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

ШҚО прокуратурасының ақпаратына сәйкес, кәсіпкерлер құқықтарының бұзушылықтарына дереу және уақтылы ықпал ету мақсатында Жарма ауданының прокуратурасы барлық бақылаушы органдар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен тұратын ұтқыр топ құрған. Бұдан бөлек, тұрақты негізде аудан прокурорының жанында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша Кеңес қызмет жұмыс атқарады. Оның отырыстарында өзекті мәселелер қаралып, осы бағытта кәсіпкерлер Палатасымен өзара тығыз қарым-қатынас жасайды.

Сондай-ақ, аудан прокуратурасы «Колониядағы бизнес» жобасын жүзеге асырылуын жалғастырып келеді. Қадағалау органының қолдауымен Жарма ауданындағы 156/18 түзеу мекемесінде пластик терезелер шығаратын кәсіпорын мен құс фабрикасы ашылған. Бір жылдың ішінде фабрикада өсіріліп жатқан тауықтың саны 1000-нан 3000-ға дейін артқан.