Жарма ауданының Қызылағаш ауылына ғаламтор желісі тартылды

15721
көрілім
Шартты фотосурет

Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауданда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтуды жалғастыру үшін 2018-2022 жылдар арасында талшықты-оптикалық және LTE желілерін кезең-кезеңмен салу ісі жүзеге асуда.

– Өткен жылы Жарма, Суықбұлақ, Жаңғызтөбе кенттері және Қапанбұлақ, Шалабай, Жаңаөзен, Үшбиік ауылдары талшықты-оптикалық желіге қосылған болатын. Яғни, мұндағы жергілікті әкімдік пен денсаулық сақтау және білім беру нысандары қамтылды. Жоспарға сәйкес биыл екінші кезең – LTE стандартындағы мобильді желі арқылы 6 ауылды интернетпен қамту жоспарланған-ды. Бүгінгі таңда Белтерек ауылында ұялы байланыс құрылғысы құрылып, қосылуға жақын, - деді аудан басшысы.

Ал Бірлік ауылында тұрғындар талшықты-оптикалық желіге қосылуда. Сонымен бірге ұялы телефон байланысын тарту жүзеге асырылмақ.

– Күні кеше ғана Қызылағаш ауылына ұялы байланыс желісі тартылса, бұған дейін Жарық ауылында іске қосылған болатын. Аталған ауыл тұрғындары ұялы телефон байланысына қол жеткізіп, ғаламтор желісіне қосылуларына мүмкіндік туды. Ендігі кезекте Жарма кенті мен Кіші Қарасу ауылдарын ұялы байланыспен қамту ісі кезегін күтіп тұр, – деді Ахметқали Нұрғожин.

Алдағы уақытта Божығұр, Бірлікшіл және Қаратөбе ауылдық округтерінде де интернет тартылмақ.