Жер дауын кім жеңеді?

397
көрілім

Шығыс Қазақстандағы ежелгі қорғандар өнеркәсіптік өңдеу салдарынан жойылып кетуі мүмкін бе?

Көктем мезгілінде археолог мамандар Жарма ауданына қарасты Шалабай ауылының маңынан 20-дан астам ежелгі қорғандарды анықтаған болатын. Олардың айтуынша, тоналмаған қорғандарда ерекше жәдігерлер жатуы мүмкін көрінеді. Алайда аталмыш қорғандар орналасқан жер өнеркәсіптік өңдеу аумағына енеді. Бұл маңнан 140 мың тонна кен байлығы ары қарайғы өңдеуге әкетілмек. Ауқымды жұмыстардан соң қорғандардан не қалмақ?

Сүрінер жер

"IRG-Kazakhstan" тау-кен өндіру компаниясы "Солтүстік Қостөбе" кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік барлау жұмыстарын жүргізбек ниетте. Ол жер Жарма ауданының аумағында орналасқан. Сот құжаттарына сәйкес, екі жыл көлемінде бұл жерден 140 мың тонна кен қазылып, "Agro Resources" ЖШС зауытына (Семей қаласы) әрі қарайғы өңдеуге жіберілмек көрінеді.

Құжаттарда сондай-ақ алтын кенін қазатын аумақтың 168 гектарды қамтитыны көрсетілген. Аталмыш жерлер асыл тұқымды мал өсірумен және қазақтың ақбас сиырларын көбейтумен белгілі болған облыстағы ірі шарауа қожалықтарының бірі - "Шалабай" ЖШС-нің жайылымдық жерлерінің тура ортасынан ойып орын алған. Жер "Шалабай" ЖШС-на 2006 жылы 49 жылға жалға берілген. Басқаша айтқанда, шаруа қожалығының жер пайдаланушысы болып табылады.

Алайда, аталған жер аумағының қойнауын пайдалану "IRG-Kazakhstan" ЖШС-на тиесілі. Енді тау-кен өндіру кәсіпорны тәжірибелік-өндірістік жұмыстар жүргізуге рұқсатты сот арқылы алуға тырысуда. Компания заңгерлері "IRG-Kazakhstan" кәсіпорнына жекелей және ашық сервитут құқығын (өзгенің жер учаскесін шектеу құқығы арқылы пайдалану) беруді сұрап отыр.

Түрлі ұстанымда

Біздің аумақта барлау жұмыстары жүргізілгенде біз ешқандай кедергі келтірген емеспіз. Бізде "IRG-Kazakhstan" компаниясымен келісім-шартты түріндегі қатынас болған, - дейді "Шалабай" шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Сүлейменов. - Алайда биыл компания тәжірибелік-өндірістік қазу жұмыстарын жүргізу мәселесін қойды. Ойлап қараңыздаршы, бұл дегеніміз өте үлкен көлем ғой: 140 мың тонна кен осы жерден қазылмақ. Біз мал бағып, қыстық азық дайындайтын жайылымдық жерлердің нақ ортасынан өндірмек. Бұл жұмыстар біз 12 жыл бойына асқан қиындықпен жасаған жұмысымызды бір мезетте жоқ қылмақ.

Орын алған жағдайға аймақаралық "Востокказнедра" департаментінің мамандары өзгеше тұрғыдан қарайды. Мамандар Шар алтын кені белдеуінде түгелдей және даулы жер учаскесінде жекелей алтын кенін және басқа да кен түрлерін қосымша барлаудың маңызды екенін алға тартады.

- Мемлекет республика өңіріндегі азайып бара жатқан минералды-шикізат базасын геологиялық барлауға қаржы инвестициялау арқылы толтыруға ниетті, - дейді аймақаралық "Востокказнедра" департаменті басшысының міндетін атқарушы Ернар Еркешев. - "Солтүстік Қостөбе" кен орнында барлау және қазу жұмыстары өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері жүргізіліп келеді. Аталған уақыт аралығында бұл учаскеде үлкен көлемде тау кені өндіріліп, скважиналар қазылды, сондай-ақ карьер мен шахта да бар. Учаскені барлауға қыруар қаржы жұмсалған.

Аумақтың құпиясы

Даулы учаске сот пен сарапшылардың ғана емес, сонымен қатар археологтардың да назарына ілікті. Ғалымдар Жарма жерінде көптеген тарихи тылсымның барын жоққа шығармайды. Бізге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, археолог Әбдеш Төлеубаевпен хабарласудың сәті түсті. Ол осыған дейін Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан Алтын Адамның қабірін анықтаған болатын. Биылғы жылы ол Шығыс Қазақстан облысының бірқатар жерлерінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын.

- Сәуір айының соңына қарай бізде барлау экспедициясы ұйымдастырылған болатын. Ұлан ауданынан бастап Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Жарма және басқа да аудандарды зерттедік. Басты мақсатымыз жаңадан археологиялық ескерткіштер табу болды, - дейді Әбдеш Ташкенұлы. - Жарма ауданындағы Шалабай ауылының маңынан 40-қа жуық ежелгі темір ғасыры мен түркі дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді анықтадық. Біз оларды құжатқа түсірдік. Даулы учаскенің аумағында ежелгі 22 қорған орналасқан. Олар тоналмаған сияқты, сондықтан ескерткіштердің тарихи құндылығы өте зор деп ойлаймын.

Археологиялық ескерткіштерге қауіп төнді дегенді естіп біз ол жерге қайтара барып қайттық. Қорғалатын аумақты белгіледік. Аталмыш ескерткіштерге жақын маңда жер қазу, оның ішінде кен өндіру жұмыстарын жүргізуге болмайды деген қорытынды жасадық.

***

Біз "IRG-Kazakhstan" компаниясының Семей қалалық бөлімшесімен хабарласып көрдік. Тау-кен кәсіпорнының "Солтүстік Қостөбе" кен орны бойынша өз байламдары бар болып шықты.

- Қостөбе аумағындағы жұмыстардың атқарылғанына 23 жыл болды, енді оның соңғы кезеңі қалды. Біз екі жыл ішінде 140 мың тонна кенді өндіріп, қайта өңдеуге жіберуіміз керек, - дейді "IRG-Kazakhstan" ЖШС филиалының директоры Серікқазы Бегалинов. - Қазіргі уақытта бар карьердің шегінде ғана жұмыс істейтінімізді айтқым келеді. Оны біраз тереңдетіп, тек терістікке қарай аздап кеңейтеміз.

"Солтүстік Қостөбе" кен орнындағы келісім-шарт аумағы 600 гектарды құрайды. Бізге 168 емес, бар-жоғы 30 гектар ғана жер керек. Қалған аумақта топырақ қабаты бұзылмайды. Қалған 138 гектар скважина қазып барлау жұмыстарын жүргізу үшін ғана керек. Ол жұмыстар аяқталған соң нысанға рекультивация жасалатын болады. Реті келгенде айта кетейін, мұндай жұмыстар кеңестік кезеңде атқарылған емес.

"Востокказнедра" аймақаралық департаментінің деректеріне сүйенсек, "Қостөбе" учаскесіндегі геологиялық барлау жұмыстары 1962 жылы басталған екен.

- Біз 23 жыл бойы қай жерде болмасын, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезінде шаруа қожалықтарымен достық қарым-қатынаста болып, оларға көмектесіп отырдық, - дейді "IRG-Kazakhstan" ЖШС филиалының директоры Серікқазы Бегалинов. - Қыс мезгілінде қожалықтарға жолдарын қардан тазартуға көмектестік, балаларды демалыстарға жібердік, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндедік, алыс учаскелерде мал бағып жатқан малшыларға азық-түлік жеткізіп отырдық. 2014 - 2017 жылдар аралығында "Шалабай" ЖШС мен біздің арамызда жеке сервитут келісім-шарттар бекітіліп, барлық міндеттер тараптардың наразылығынсыз істеліп отырды. Ара қатынасымыз ары қарай да жақсы болып қалады деген үміттемін.

Археологиялық ескерткіштерге келер болсақ: геологтар археологиялық ескерткіштер жайын өзгелерден артық білмесе кем білмейді, сондықтан оларды сақтап қалу үшін барлық мүмкіндіктерін пайдалануға әзір.

***

23 қазан күні ШҚО ауданаралық экономикалық соты "IRG-Kazakhstan" компаниясына ашық сервитут қоюға бас тартты.

Археологтар ежелгі қорғандар мен тарихи ескерткіштерге толы Шалабай ауылына жақын жерлерге ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беруді айтып отыр. Аталмыш іс бойынша сот үрдісі жалғасатын болады.

Ерлен ОСМАНОВ

Фотосуреттер Әбдеш Төлеубаев пен Серікқазы Бегалиновтен алынды