Жол жағдайы жақсарады

265
көрілім

Облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында 2019 жылы жөнделетін жолдардың тізімі жасалды. Олардың ішінде Көкпекті ауданының Самар ауылына апаратын жолдың да қайта жөндеуден өтетіні анықталды.

Көшелердің жөнделетіні жайындағы ақпарат 21 қараша күні облыстық әкімдікте өткен отырыс барысында белгілі болды.

- 3,8 миллиард теңге қаражатқа жалпы көлемі 180 шақырым облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделеді. Олардың ішінде Өскемен қаласы мен Аягөз, Зайсан, Зырян, Тарбағатай және Үржар аудандарындағы аудандық маңыздағы жеті жолды жөндеуге 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінеді, - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржан Жұмәділов.

Басты мақсат аудан орталықтарын бір-бірімен және басқа елді мекендермен қосатын жол бөліктерін жөндеу. Сонымен қатар келесі жылы Ақтоғай-облыс шекарасы, Семей-Қарауыл, Бородулиха-Жезкент, Шүлбі-Жаңа Шүлбі, Өскемен-Самар, Үлкен Нарын-Күршім, Жамбыл-Дайыр-Көкжыра, Парыгино-Кутиха, Мақаншы-Келдімұрат пен Өскемен қаласының іргесіндегі Жаңа Ахмер ауылының және Тарбағатай ауданы Жетіарал ауылының кіреберіс жолдары жөндеуден өткізілетін болады.

Ерлен ОСМАНОВ