Жұрт жәрмеңкеге жиналды

332
көрілім

Қазан айының 27-і күні Өскемен қаласы «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Бұл жолы қала тұрғындары мен қонақтарына Күршім ауданының кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды.

Сенбі күні таңертеңгі сағат 9.00-ден бастап өскемендіктер «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында өткен жәрмеңкеге ағыла бастады. Арзан бағада ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу үшін келген дүйім жұрттың қарасы аз болған жоқ. Жәрмеңкеде Күршім ауданынан келген кәсіпкерлер арзан бағада сиыр, жылқы, қой еттері, балық (фарш, филе, қақталған және кептірілген) және сүт (сарымай, құрт, ірімшік, кілегей) өнімдерін саудалады.

– Бұл жәрмеңкеге жалпы көлемі 2750 келі сиыр еті, 3000 келі жылқы еті, 2700 келі қой еті, 3000 келі балық әкелінген. Сонымен қатар, келушілерге 500 келі бал, 280 келі картоп, 80 келі қырыққабат, 240 келі құрт, 150 келі ірімшік, 3000 келі тоқаш, 5500 келі бауырсақ, 10 келі талқан ұсынылды. Бұдан бөлек, облыс орталығының жұртшылығы үшін Күршім аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы қойылды, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы басқа сауда орындарынан әлдеқайда арзан болды (толығырақ кестеде).

– Осындай жәрмеңке ұйымдастырып отырған қала және аудан әкімдігіне алғыс білдіремін. Өнімдердің сапасы жақсы. Әр апта сайын «Freshmarket» фермерлік гастрономына келіп үйге азық-түлік аламыз, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлім Жандарбекова.

Айта кету керек, осы күні ауыл шаруашылы жәрмеңкесі «Альшемали» сауда үйі ауданында да өткізілді. Мызы,16/1 мекенжайындағы сауда үйінің аумағында болған сауда-саттық 8.00-ден 15.00-ге дейін жалғасты. Жәрмеңкеде өз өнімдеріңізді ұсынғыңыз келсе, Өскемен қаласының кәсіпкерлік бөліміне хабарласыңыз (Киров көшесі, 33, 1 қабат, қосымша ақпарат алу үшін 24-39-86 телефон нөміріне қоңырау шала аласыз).

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ