Жылан үйге кірген

349
көрілім

Облыс орталығындағы жеке тұрғын үйлердің біріне жылан кіріп кетті. Бауырымен жорғалаушыны Аблакетка шағын ауданының тұрғыны байқаған.

- Кеше анам үй ішінен жылан көрді. Бір қызығы, оны жерден емес, шыны сөреден байқаған. Ұзындығы бір метрдей сұр жылан екен, - дейді Ермак көшесінің тұрғыны Айнұр. - Үрейіміз ұшып қайда хабарласуды білмедік.

Айнұр көзіне іліккен қалалық әкімдіктің телефонына қоңырау шалғанын айтады. Мемлекеттік қызметшілер оқиға орнына ветеринар маманды жібереді. Дегенмен келіп жеткен маман көмектесе алмаған көрінеді. Алайда үй тұрғындары дүрбелең кезінде көзден ғайып болған жыланның баспана ішінде қалып қоюы мүмкін екенін айтады.

- Мұндай жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу қажет, - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр. - Құтқарушы бөлім оқиға орнына аттанады. Біздің мамандардың жылан аулауда тәжірибелері мол.

Естеріңізде болса, біз осыған дейін бауырымен жорғалаушылардың қаланың ЖМК ауданында көп кездесетіні жөнінде жазған болатынбыз.

Ерлен ОСМАНОВ